ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ СЫМБАТ ТӨРЕТАЕВ ҚЫЗЫЛҚҰМ АЛҚАБЫНДАҒЫ ЕГІНШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ СЫМБАТ ТӨРЕТАЕВ ҚЫЗЫЛҚҰМ АЛҚАБЫНДАҒЫ ЕГІНШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудандағы аграрлық секторды қолдау және жергілікті өнім көлемін арттыру-бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы орайда, Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев Құрық ауылына қарасты Қызылқұм егістік алқабына арнайы жұмыс сапарымен барып, жергілікті шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Сапар барысында аудан басшысы «Еңбек» шаруа қожалығының жетекшісі Алтыбай Базаровпен және «Жанақ» шаруа қожалығының иесі Доктор Бекібаевпен жүздесті. Жүздесуде егін егу науқанының барысы, биылғы өнімнен күтілетін нәтижелер және дайын өнімді өткізу нарығы секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сымбат Төретаев әрбір қожалықтың жұмыс барысын мұқият сұрап, жергілікті диқандардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

Айта кетейік, Қызылқұм жеріндегі егіншіліктің әлеуетін көтеру және заманауи жылыжайлар желісін кеңейту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, құны 566,7 миллион теңгені құрайтын, ұзындығы 26,1 шақырым болатын орта қысымды газ құбыры тартылды.

Қазіргі таңда бұл нысан аудандық құрылыс бөлімінің теңгеріміне қабылданған. Оны ары қарай «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның теңгеріміне өткізу және қажетті мемлекеттік актілерді заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Көгілдір отынның жеткізілуі шаруалардың шығынын азайтып, жылыжай жұмысын жыл бойы үздіксіз жүргізуге жол ашпақ.

Сондай-ақ, биыл Қарақия ауданында өңірді отандық өніммен қамту бағытындағы көрсеткіштерді еселеу жоспарланған. Салалық жоспарға сәйкес, 2026 жылы өңірдегі 15 шаруа қожалығы өндірістік қуатты арттыруға жұмылдырылады.

Жалпы көлемі 90 гектарды құрайтын ашық топыраққа және 6 гектар аумақты алып жатқан 12 фермерлік жылыжай кешеніне егін егілу жоспарлануда. Күздік жиын-терін науқанында аудан диқандары 2,5 мың тонна жоғары сапалы өнім алуды межелеп отыр.

Кездесу соңында жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері аудан басшысына өздерін мазалап жүрген өзекті мәселелерін жеткізді. Атап айтқанда, диқандар тарапынан егістік көлемін ұлғайту үшін қосымша жер телімдерін бөлу және заманауи жылыжай кешендерін қоршауға қажетті темір материалдарымен қамтамасыз ету туралы ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі Сымбат Төретаев егіншілердің әрбір ұсынысын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Ортаға салынған бұл ұсыныстар алдағы уақытта заңнама шеңберінде аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қаралып, тиісті қолдау шаралары пысықталатын болады.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі