
1 маусым күні Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында ерекше рухани кеш өтті. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, белгілі композитор әрі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов өзінің туған жерінде 60 жас мерейтойына орай «Махаббат гүлі солмайды» атты шығармашылық концертін өткізді.
Жерлестерінің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленген өнер иесінің кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шара аясында композитордың ел жүрегінен орын алған хит әндері шырқалып, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Туған топырағында есеп беру кешін өткізген өнер иесін құттықтауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Мерейтойлық кеш барысында жергілікті атқарушы билік өкілдері мен аудан жұртшылығы өнер саңлағына ерекше ілтипат білдірді. Қарақия ауданы әкімдігі атынан аймақтың мәдениеті мен өнерінің дамуына, ел атын ұлықтауға қосқан өлшеусіз үлесі үшін өнерпаздың иығына дәстүрлі қазақы салтпен шапан жабылып, астына тұлпар мінгізілді.
Концерттік бағдарламада композитордың репертуарындағы алтын қорға енген туындылар орындалып, Құрық аспаны әсем әнмен тербелді. Жиналған қауым әр әнді қосыла шырқады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі