
Бүгін, 25 мамыр күні Қарақия ауданының барлық білім ордаларында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты шаралары өтті. Мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алған түлектердің қуанышы мен қимастық сәті тоғысқан бұл күн аудан тарихында айрықша табыстармен өрнектелді. Салтанатты шараға Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев пен әкімнің орынбасары Манар Тулегенов арнайы қатысып, жас түлектер мен ұстаздар қауымын маңызды белеспен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы білім сапасын арттыру-аймақ дамуының басты басымдығы екенін және биылғы қол жеткізген көрсеткіштер осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жемісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Қарақия ауданы бойынша 15 жалпы білім беретін мектепте 8 334 оқушы білім алды. Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қадам басқан 352 түлектің ішінде ерекше көзге түскен дарындар аз емес. Соның ішінде 16 оқушы «Алтын белгі» белгісіне, ал 21 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі