СЕНЕК АУЫЛЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

СЕНЕК АУЫЛЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

21 мамыр күні  Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму шежіресі тағы бір маңызды оқиғамен толықты. Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шалғайдағы елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл нысанның іске қосылуы-аймақ үшін стратегиялық маңызы зор қадам.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Сайранұлы Әрінов арнайы қатысып, жаңа нысанның лентасын өзі қиды.

Жаңадан бой көтерген өрт сөндіру бекеті-тек материалдық-техникалық нысан емес, бұл аймақтағы қауіпсіздік пен қызмет сапасының жаңа, жоғары деңгейге көтерілгендігінің айқын көрінісі. Сенек ауылы мен іргелес елді мекендерді өрт қаупінен қорғау шараларын барынша күшейтетін бұл орталық заманауи техникалармен және білікті мамандармен жасақталған. Бекеттің іске қосылуы төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартып, тілсіз жаудың алдын алуда шешуші рөл атқармақ.

Жобаның аймақ үшін экономикалық және әлеуметтік қайтарымы да жоғары. Бекеттің ашылуы арқылы ауылда жаңа тұрақты жұмыс орындары пайда болды. Бұл жергілікті жастардың еңбекпен қамтылып, туған жерінде тұрақтап қалуына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етпек.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі