
Ұлы Жеңістің мерейлі мерекесі қарсаңында Қарақия ауданында айбынды аға буын өкілдері мен тыл еңбеккерлерін ұлықтауға бағытталған кездесу өтті. Мерекелік бағдарлама аясында аудан басшылығы мен ауданға қарасты мекеме ұжымдары соғыс және тыл ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, мемлекет пен халық атынан шексіз алғыстарын білдірді.
Сапар барысында қарияларға мерекелік сый-сияпаттар табыс етіліп, олардың әлеуметтік жағдайлары мен денсаулықтары назарға алынды. Бұл шар-жай ғана мерекелік сыйлық үлестіру емес, бұл өткен тарихқа деген тағзым мен бүгінгі ұрпақтың аға буын алдындағы перзенттік қарызының бір өтеуі іспетті.
Шаңырақтарына келген қонақтарға дән риза болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз елдің тыныштығын, жұрттың амандығын тілеп, ақ баталарын берді. «Біз көрген тауқыметті кейінгі ұрпақ көрмесін, аспанымыз ашық, еліміз іргелі болсын!»-деген қариялардың лебізі жиналғандардың рухын асқақтатты.
Қарақия ауданында Жеңіс күнін мерекелеу тек осымен шектелмейді. Аудан көлеміндегі барлық елді мекендерде батырлар рухына тағзым ету, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою және рухани-танымдық кештер өткізу жоспарлы түрде жүзеге асуда.
Ардагерлерге көрсетілген бұл құрмет-ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл қадам жастардың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, тарихи сананы жаңғыртуға зор септігін тигізеді. Ер есімі-ел есінде мәңгі сақталады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі