Қарақияда мереке қарсаңында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында кездесу өтті

Қарақияда мереке қарсаңында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында кездесу өтті

Қарақия ауданында «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Саналы ұрпақ» жобасын жүзеге асыру аясында жергілікті колледж студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Аудандық прокуратураның бастамасымен өткен бұл шара құқықтық тәрбие мен патриоттық рухты ұштастырған маңызды алаңға айналды.

Шараның 7 мамыр-Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр-Жеңіс күні қарсаңында өтуі оның маңызын арттыра түсті. Кездесу барысында патриоттық тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, студенттерге ата-бабаларымыздың ерлігі мен Жеңіс жолындағы қаһармандығы туралы деректер айтылды. Сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілік тек сезім емес, ол ел заңдарын құрметтеу мен адал еңбек етуден басталатыны түсіндірілді. Өскелең ұрпақтың бойына ардагерлердің өшпес ерлігін қастерлеу және оларға қамқорлық таныту қажеттігі айтылды.

«Саналы ұрпақ» жобасы аясында өткен бұл диалог форматындағы кездесуде студенттер де белсенділік танытты. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заңгер мамандардан тұщымды жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, оларды жат қылықтардан сақтандыруға және азаматтық ұстанымдарын нығайтуға септігін тигізбек.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі