«Таза Қазақстан»: Бозжыра шатқалында ауқымды экологиялық акция аясында сенбілік өтті

«Таза Қазақстан»: Бозжыра шатқалында ауқымды экологиялық акция аясында сенбілік өтті

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қарақия ауданының киелі мекені-Бозжыра шатқалында кезекті тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Шатқалдың сәні мен тазалығын сақтау мақсатында өткен сенбілікке 60-қа жуық адам қатысты. Акцияға ауданның бес бірдей ірі елді мекені-Сенек, Құланды, Бостан, Мұнайшы және Жетібай ауылдарының әкімдері мен аппарат қызметкерлері арнайы жұмылдырылды. Бозжыраның ақ шаңқан жоталары мен аңғарларында жүргізілген тазалық жұмыстарының нәтижесінде 10 текше метр қоқыс жиналды. Оның негізгі бөлігін туристер мен саяхатшылардан қалған тұрмыстық қалдықтар-пластик, шыны және қағаз өнімдері құрады.

«Бозжыра-біздің ұлттық брендіміз, әлем көз тіккен бірегей ландшафт. “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен бұл шара шатқалдың табиғи кейпін сақтауға септігін тигізеді. Біз табиғатты таза ұстау арқылы ғана еліміздің ертеңін баянды ете аламыз»,-деді мамандар.

Аудан әкімдігі қонақтар мен жергілікті тұрғындарды «Артында қоқыс қалдырма!» қағидасын ұстануға шақырады. Маңғыстаудың маржаны саналатын Бозжыраның тазалығы әрбір азаматтың ар-ұжданы мен мәдениетінің көрсеткіші болмақ.

«Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясындағы мұндай игі істер Қарақия ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба бермек.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі