
2026 жылғы 29 сәуірде Сымбат Төретаев жұмыс сапарымен Бостан ауылына арнайы барып, «СУ ЖИНАҒЫШ» құрылыс жобасының жүзеге асырылу барысын пысықтап, алдағы жұмыстардың бағыт-бағдарын нақтылады.
Бүгінде Бостан және Сенек ауылдарында су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді жоба бастау алғалы тұр. Жоба аясында Бостан ауылының солтүстік бөлігінде су тасқыны қауіпін азайту мақсатында ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын дренаж жүйесі салынбақ. Ал Сенек ауылына кіреберіс жолды су шаю қаупі жоғары болғандықтан, мұнда арнайы жасанды су өткізгіш құбыр орнату көзделген.
Сондай-ақ, Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған. Нәтижесінде мердігер ретінде «ЖБИ-Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, келісімшарттың жалпы құны 426 миллион теңгені құрады.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі құрылыс жобасының егжей-тегжейін талқылап, алдын ала жоспарлау жұмыстарына ерекше назар аударды. Осы орайда ауыл тұрғындарының да ой-пікірлері назардан тыс қалмады. Әрбір тұрғын өз ойын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, сала мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ортақ талқыға салынды. Аудан басшысы өз сөзінде атқарылатын жұмыстардың сапасына баса мән беріліп, халық игілігіне бағытталған әрбір жобаның жауапкершілікпен жүзеге асырылуы керектігін ерекше атап өтті.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі