
2026 жылғы 15 сәуір күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орын алған нөсерлі жауын-шашын салдарынан бірнеше елді мекен аумағында жаңбыр суы жиналып, тұрғындар үшін уақытша қолайсыздықтар туындады. Атап айтқанда, Құрық, Бостан, Құланды, Сенек, Жетібай және Мұнайшы ауылдарында жиналған суды бұру және су тасқынының алдын алу бағытында жедел шаралар қолға алынды.
Қазіргі таңда аталған елді мекендерде жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді жұмыстар ұйымдастырылып, тиісті қызметтер толық жұмылдырылған. Арнайы техникалар, оның ішінде вакуумдық машиналар, ассенизаторлық көліктер және түрлі агрегаттар арқылы жиналған жаңбыр суын сору жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Сонымен қатар, білікті мамандар мен арнайы қызметкерлер тартылып, мотопомпалардың көмегімен суды тиімді түрде шығару шаралары іске асырылуда.
Сондай-ақ, арнайы мамандар ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, қауіпті учаскелерде жедел әрекет ету жұмыстарын күшейткен. Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты-тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендердегі инфрақұрылымға келетін залалды барынша азайту. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда, барлық қажетті күш пен құралдар жұмылдырылып, су басу қаупін төмендету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі