
2026 жылғы 15 сәуір күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Бостан ауылдық округінде нөсерлі жауын-шашын салдарынан бірқатар көшелерде жаңбыр суы жиналды. Табиғи қолайсыздық тұрғындардың күнделікті тіршілігіне белгілі бір деңгейде қолайсыздық туғызғанымен, жағдай жергілікті атқарушы органдардың жіті бақылауына алынды.
Қазіргі таңда ауыл аумағында су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, арнайы техника мен мамандар жұмылдырылып, жиналған суды сору, арықтарды тазарту және қауіпті аймақтарды бақылау шаралары ұйымдастырылған.
Жұмыстарға бірқатар мекемелерден арнайы техника тартылды. Атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамынан 1 вакуумдық техника, 1 ассенизаторлық көлік және 1 агрегат, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамынан 1 вакуумдық техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, Жетібай ауылдық өрт сөндіру бөлімінен 1 жол талғамайтын жеңіл автокөлігі, 5 қызметкер және 2 мотопомпа тартылып отыр. «Тұрмыс-сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны да өз тарапынан мотопомпалар арқылы су сору жұмыстарын жүргізуде.
Оқиға орнында аудан әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдігі аппаратының басшысы және ауыл әкімі болып, ахуалды тікелей бақылауға алуда. Тиісті қызметтермен бірлесе отырып, жағдайды тұрақтандыру бағытында жедел шешімдер қабылданып, нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда жағдай тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі