
9 сәуір күні Маңғыстау облысы, Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында ұйымдастырылған жәрмеңке тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік маңызы бар іс-шара ретінде жоспарланған сауда алаңында азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар ұсынылғанымен, кейбір өнімдердің бағасы халық тарапынан наразылық туғызды.
Тұрғындардан түскен шағымдарға сәйкес, жәрмеңкедегі бірқатар тауарлардың құны нарықтағы орташа бағадан жоғары екені айтылған. Осыған байланысты жедел түрде мониторинг жұмыстары ұйымдастырылып, оған Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамының өкілдері, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен Қарақия аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі мамандары қатысты.
Тексеру барысында Құрық ауылындағы коммуналдық базар аумағында өткен жәрмеңкеде бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, кейбір сауда нүктелерінде тауарлардың бағасы көрсетілмегені белгілі болды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып есептеледі. Аталған дерек бойынша тиісті шара қолдану үшін материалдар Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданды.
Сонымен қатар, тұрғындардың «баға негізсіз қымбат» деген шағымдары да назардан тыс қалған жоқ. Уәкілетті органдар тарапынан жүргізілген бақылау нәтижесінде кәсіпкерлердің тауарларға үстеме бағаны рұқсат етілген 15 пайыздан асырмағаны анықталды. Қарақия аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тауар бағасының қалыптасуына оның сапасы мен жеткізілу шығындары тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес, егер үстеме баға 15 пайыздан асқан жағдайда ғана нақты әкімшілік шаралар қолдануға негіз бар.
Жалпы, аталған жәрмеңке төңірегіндегі жағдай жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Тиісті мекемелер алдағы уақытта да баға тұрақтылығын сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтетінін жеткізді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі