
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және қоғамның тұрақты дамуының негізгі кепілі.
Өйткені, ол – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына елеулі қауіп төндіретін, қоғамның әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне кері әсер ететін күрделі құбылыс.
Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Сыбайластықпен күрес мәселесі – құқық бұзушылықтарды анықтау немесе жазалау ғана емес, оны болдырмау, алдын алуға бағытталған тиімді тетіктерді қалыптастыру, деп ойлаймын. Ол үшін, ең әуелі қоғамда сыбайластыққа төзімсіздік иммунитеті қалыптасуы керек. Президентіміз арман еткен «Адал адам», «Адал қоғам» қағидаттары – міне, сол мақсаттың бастамасы.
Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір мемлекеттік органның, оның ішінде аудан әкімдігінің де басым бағыты.
Қарақия аудан әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді. Ондағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру және заң үстемдігін берік орнықтыру. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек, құқық қорғаушыларымен ғана шектелмеуі тиіс. Болуы ықтимал тәуекелдердің туындауына жол бермеу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті болуы керек. Бұл бағытта аудан көлемінде бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.
Атап айтсақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға баса мән берілуде. Қазіргі таңда қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшіріліп, адами фактордың ықпалы барынша азайтылды. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етіп, заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі мен жауапкершілігін арттыру бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әдеп нормаларын сақтау, халықпен қарым-қатынаста адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстану – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті.
Үшіншіден, қоғаммен кері байланыс орнату мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары жедел қаралып, заң аясында шешім қабылданады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен ашық диалог алаңдары ұйымдастырылып келеді.
Төртіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тәжірибесі енгізілді. Бұл мемлекеттік органдардың қызметіндегі әлсіз тұстарды анықтап, оларды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
Сөз соңында айтарым, сыбайластықпен күрес – тек, мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, әрбір азамат заң талаптарын сақтап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға тиіс. Бұл мақсатта біз ел болып бірлесіп, жұмыла күрескенде ғана әділетті, ашық әрі дамыған қоғам құра аламыз.
С. Төретаев - Қарақия ауданының әкімі