Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру-басты назарда

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру-басты назарда

Қарақия ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті. Аталған жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұлов арнайы жұмыс сапарымен қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде мәселе көтерді.

Жиын барысында аудан әкімінің аппарат басшысы әрі Әдеп жөніндегі уәкілі Берекет Ерденбаев 2025 жылы аудан әкімі аппараты тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде кеңейтілген баяндама жасады. Баяндамасында ол мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, қызметтік тәртіпті сақтау және заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында қабылданған шаралар, цифрлық форматқа көшу үдерістері және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері жан-жақты қамтылды.

Сондай-ақ жалпы жиын барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жүйелі түрде жетілдіру, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру, қызметшілердің кәсіби әдебі мен жауапкершілігін күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты тетіктерді енгізу, цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және ашықтық қағидаттарын кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі