Қарақия ауданында шекаралық мәселелер бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Қарақия ауданында шекаралық мәселелер бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

31 наурыз күні  Қарақия ауданы әкімдігі жанында шекаралық мәселелерді талқылауға арналған үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.

Кеңес барысында шекара қызметі өкілдері қазіргі таңда кездесіп отырған бірқатар түйткілдерге тоқталды. Мамандардың айтуынша, негізгі қиындықтардың бірі-шекаралық аймақта тұратын жергілікті тұрғындардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекараны қорғау және күзету саласындағы заңнамалық талаптарды толық білмеуі. Атап айтқанда, ҚР ішкі суларында теңізге шығу тәртібі, сондай-ақ шекаралық аймақта кәсіптік қызмет жүргізу қағидалары бойынша ақпараттың жеткіліксіздігі құқықбұзушылықтарға алып келуде.

Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар халық арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Жиында 2025 жылдың қорытындылары да жария етілді. ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы департаментінің Қарақия ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Серік Ақанұлы Рысбековтің мәліметінше, есепті кезеңде шекаралық режимді бұзу деректері бойынша 101 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 60-ы Қазақстан Республикасы азаматтарына тиесілі болса, 30 дерек Қырғызстан Республикасының азаматтарына, ал 11 дерек Өзбекстан Республикасының азаматтарына қатысты анықталған.

Сонымен қатар, анықталған құқықбұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар салынған. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аумақтық және ішкі сулары режимдерін бұзу бойынша 12 дерек тіркелгені белгілі болды.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру бағытында нақты міндеттер айқындалды. Кеңес қатысушылары аталған мәселелерді шешу тек құзырлы органдардың ғана емес, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі