Қарақияда экологиялық интеллектуалдық сайыс өтті

Қарақияда экологиялық интеллектуалдық сайыс өтті

2026 жылғы 30 наурызда Қарақия ауданы, Құрық ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «EKO-QUIZ» экологиялық интеллектуалдық сайысы сәтті өткізілді. Шараның мақсаты-аудан тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатты қорғауға бағытталған білім мен логикалық ойлауды дамыту.

Сайыстың ашылу рәсімінде Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Сырым Шапағат сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде осындай шаралардың жастар мен тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

Шараға аудан әкімдігінің аппараты, сондай-ақ Құрық, Мұнайшы және Жетібай ауылдарынан барлығы 6 команда қатысты. Қатысушылар экология, табиғатты қорғау, климаттық өзгерістер және қоршаған ортаны сақтау тақырыптарында білімдерін сынап, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Әр команда бір-бірімен қызу интеллектуалдық бәсекеге түсті, бұл сайысқа ерекше қызығушылық пен тартымдылық қосты.

Сайыс қорытындысы бойынша алғашқы үш орын жеңімпаздары дипломдар, арнайы кубоктар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған белсенді қатысқан үш командаға қатысқаны үшін арнайы сый-сыяпаттар табысталды. Жеңімпаздар мен қатысушылардың белсенділігі жоғары бағаланды.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Санат Теңелұлы қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың экологиялық білімдерін арттыруға қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ мұндай интеллектуалдық және тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға зор ықпал ететінін айтты.

«EKO-QUIZ» экологиялық интеллектуалдық сайысы Қарақия ауданының тұрғындары үшін білімдерін шыңдап, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Шара қатысушыларға экология саласындағы білімдерін көрсету мен өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, аудан тұрғындары арасында табиғатты қорғауға деген қызығушылықты арттырмақ.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі