
Наурыз мейрамы қарсаңында Жетібай ауылы тұрғындары үшін тағылымды әрі игі шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, елді мекендегі Ынтымақ алаңы аумағында жаппай көшет отырғызу акциясы өтті. Табиғатты түлетіп, қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған бұл бастама Наурыз мерекесінің жаңару мен жасампаздық идеяларымен үндесіп жатыр.
Шараға аудан әкімі Сымбат Төретаев арнайы қатысып, көпшілікпен бірге тал екті. Аудан басшысының өзі үлгі көрсетіп, игі іске белсене араласуы тұрғындар тарапынан жоғары бағаланды. Бұл бастама-қоғам санасында табиғатқа деген жауапкершілікті тереңдетіп, экологиялық құндылықтарды өмір салтына айналдыруға бағытталған жарқын үлгі.
Айта кету керек, Ынтымақ алаңы жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, толықтай абаттандырылған болатын. Заманауи талаптарға сай жаңартылған демалыс орны бүгінде ауыл тұрғындарының сүйікті мекеніне айналған. Көгалдандыру жұмыстарымен жалғасқан бұл бастама алаңның көркін одан әрі арттыра түсті.
Жергілікті тұрғындар ұйымдастырылған шараға дән риза. Олар мұндай игі істер ауылдың ажарын ашып қана қоймай, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Көпшілік өз алғыстарын білдіріп, қуаныштарын жасырмады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі