
Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылындағы «Ынтымақ» орталық алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Ауыл тұрғындары жиі бас қосатын, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өтетін маңызды қоғамдық кеңістікті жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың 13 ақпанында басталған болатын. Жобаның жалпы құны 34,6 миллион теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме-«ИП Зинулла» жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта алаңды жаңарту бағытында бірнеше маңызды құрылыс-жөндеу шаралары атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, алаң аумағына жаңа асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған жаңа сахна салынды. Қазіргі таңда сахна аумағында кафель төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында алаң аумағын көріктендіру жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Арнайы қабырғаға безендірілген фотосуреттер орналастырылуда. Сондай-ақ мемлекеттік Туға арналған тұғыр жасалып, орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, заманауи LED экран орнату жоспарланып отыр.
Жауапты мердігер мекеменің мәліметінше, аталған жөндеу және абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары 10 наурызға дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Жаңартылған «Ынтымақ» алаңы алдағы уақытта Жетібай ауылындағы қоғамдық өмірдің маңызды орталығы ретінде қызмет етіп, тұрғындардың мәдени демалыс өткізуіне қолайлы жағдай жасамақ.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі