Құрықтағы ауыз су нысандары тазартылды

Құрықтағы ауыз су нысандары тазартылды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Қарақия ауданы, Құрық ауылы аумағында орналасқан ауыз су беру нысандарында кешенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған шара елді мекендегі стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарының санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.

Тазалық науқанына Тұрмыс-Сервис МКК-ның 15 қызметкері жұмылдырылып, жоспарлы жұмыстар толық көлемде атқарылды. Нәтижесінде нысан аумағынан 10 тоннаға жуық әртүрлі қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылып, арнайы орындарға жеткізілді.

Сонымен қатар, ауыз су нысандарының сыртқы келбетін ретке келтіру мақсатында әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Нысан аумағы жабайы шөптер мен бей-берекет өскен өсімдіктерден тазартылып, санитарлық талаптарға сәйкестендірілді. Бұл шаралар тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, инженерлік құрылғылардың сақталуына және ұзақ мерзімді тиімді қызмет етуіне де оң әсерін тигізеді.

Мамандардың айтуынша, ауыз су беру нысандарының тазалығы мен күтімі-тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Осыған байланысты мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі