
Қарақия ауданы әкімдігінде бүгін терроризмге қарсы аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экстремизм идеологиясының алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына аудан әкімдігі жанындағы жауапты бөлімдер, құқық қорғау органдарының басшылары, білім саласының басшылары мен тиісті мекемелердің мамандары қатысты. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер аудандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға тікелей қатысты бағыттарды қамтыды.
Алғашқы мәселе аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің діни көзқарастарына қатысты ахуалды зерделеу жайына арналды. Баяндамашы білім саласында зайырлылық қағидаттарын сақтау, педагогтардың кәсіби этика талаптарын ұстануы және білім беру мекемелерінде діни бейтараптықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Комиссия мүшелері бұл бағыттағы мониторингтің жүйелі жүргізілуі маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе-кәмелетке толмағандар арасындағы экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған жол картасының іске асырылу барысы. Жауапты мекемелер тарапынан атқарылған жұмыстар сараланып, туындаған мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, профилактикалық кездесулердің қамту ауқымы, ата-аналармен өзара байланыс деңгейі, мектеп психологтарының жұмысы және тәуекел топтарымен жүргізілетін жеке профилактикалық шаралардың тиімділігі қарастырылды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі