
2026 жылғы 24 ақпанда Қарақия ауданы аумағында 15 наурыз – республикалық референдум күніне орай арнайы ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Маңызды саяси науқан қарсаңында өткен жиынның басты мақсаты-азаматтарға алдағы жалпыхалықтық дауыс берудің мән-маңызын жан-жақты түсіндіру, қоғамның белсенділігін арттыру және жастарды ел болашағына бейжай қарамауға үндеу болды.
Шара барысында спикерлер референдумның мемлекет дамуындағы стратегиялық рөліне тоқталып, әрбір азаматтың дауысы ел тағдырына әсер ететінін атап өтті. Қатысушыларға референдум-тек саяси рәсім ғана емес, халық еркін білдіретін конституциялық тетік екені кеңінен түсіндірілді. Бұл-азаматтардың ел өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігі.
Кездесу аясында әсіресе жас буын өкілдеріне айрықша назар аударылды. Ұйымдастырушылар жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуы – демократиялық қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін жеткізді. Жастарға өз таңдауы үшін жауапкершілікпен қарау, ақпаратты саралап, саналы шешім қабылдау қажеттігі айтылды.
Референдум-бұл бір күндік науқан емес, бұл-мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайтатын маңызды қадам. Ал сенім мен жауапкершілік бар жерде тұрақты даму мен жарқын болашаққа бастар жол айқын болмақ.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі