
Қарақия ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев Қарақия аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы зерделеу мақсатында арнайы жұмыс жиынын өткізді.
Аудан басшысы медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту-тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетудің басты шарты екенін атап өтті. Күрделі жөндеу жұмыстары аурухананың инженерлік желілерін жаңартуды, ғимараттың ішкі және сыртқы құрылымдарын заманауи талаптарға сәйкестендіруді, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық нормалардың толық сақталуын қамтамасыз етуді көздейді.
Жобалық-сметалық құжаттаманы зерделеу барысында жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі, қолданылатын материалдардың сапасы, қаржылық есептеулердің негізділігі және мерзімдік кестенің нақтылығы жан-жақты қаралды. Әкім тиісті сала басшыларына бюджет қаражатының тиімді әрі ашық игерілуін, сондай-ақ құрылыс сапасына техникалық қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Күрделі жөндеу нәтижесінде медициналық қызмет көрсету үдерісінің сапасы артып, емделушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай жабдықталған бөлімшелер дәрігерлердің жұмыс тиімділігін арттырып, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі