
Қарақия ауданы аумағындағы Құрық ауылында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында маңызды жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, елді мекенде заманауи кәріз тазарту имаратын салу жоспарланып отыр. Бұл бастама-тұрғындарды алаңдатып отырған экологиялық және санитарлық мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған нақты қадам.
Бүгінде кәріз жүйесінің жай-күйі ауыл халқы үшін өзекті тақырыптардың біріне айналды. Инфрақұрылымның тозуы мен тазарту үдерісінің талапқа сай болмауы қоршаған ортаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар елді мекеннің әлеуметтік-инженерлік әлеуетін арттыруды, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуды басым бағыт ретінде айқындап отыр.
Мәселені кешенді түрде шешу мақсатында кәріздік тазарту имаратының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобалаушы мекеме-«Deluxe Design» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Келісімшарттың жалпы құны 17,9 миллион теңгені құрайды. Аталған құжаттама болашақ нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының сапалы әрі тиімді жүргізілуіне, техникалық талаптардың толық сақталуына және бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуына негіз болмақ.
Жоспарланған имарат заманауи технологиялармен жабдықталып, кәріз суларын көпсатылы тазарту жүйесі арқылы өңдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді пайдалану мүмкіндігі, энергия үнемдеу шешімдері және техникалық қызмет көрсетудің тиімділігі-жобаның басты басымдықтарының қатарында.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі