
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облысы бойынша филиалы электронды кезек талондарын алдын ала брондау бойынша пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы хабарлайды. Жоба 2026 жылдың 20 ақпанынан бастап Қарақия аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істей бастайды.
Жаңа қызмет азаматтарға келу күні мен уақытын алдын ала таңдау мүмкіндігін береді. Ол үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын, электронды үкімет порталын немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығын пайдалануға болады. Брондағаннан кейін өтініш берушіге растау хаты бар SMS-хабарлама келеді.
Сонымен қатар, дайын құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету секторының қызметтері бұрынғыдай алдын ала жазылусыз көрсетіледі.
Айта кетейік, ерекше жағдайларда және алдын ала брондау мүмкіндігі болмағанда, егде жастағы азаматтар, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, шетелдік азаматтар үшін бір жұмыс орны қарастырылған.
Сондай-ақ, «ЦОН» мобильді қосымшасына ЖСН және телефон нөмірі арқылы тіркелгеннен кейін кіруге болатынын еске саламыз (App Store және Google Play-де қолжетімді).
Пилоттық жобаны енгізу жаңа жүйенің ыңғайлылығы мен тиімділігін бағалауға және қажет болған жағдайда функционалды кеңейту алдында жақсартулар енгізуге мүмкіндік береді.
Аталған жоба аясында алдын ала брондау жүйесінің сұранысқа иелігі мен тиімділігіне бағалау жүргізіледі. Талдау нәтижелері бойынша қызметті одан әрі енгізу және кеңейту мүмкіндігі туралы шешім қабылданады.