
Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев жұмыс сапары аясында Бостан ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Ашық форматта ұйымдастырылған жиында ауыл халқы көкейінде жүрген өзекті мәселелерін көтеріп, нақты сауалдарын жолдады. Кездесу барысында инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар және жұмыспен қамту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ауыл тұрғындары ең алдымен электр энергиясының тұрақтылығы мәселесін алға тартты. Бұл ретте аудан әкімі электр желілерінің жағдайын зерделеу бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілетінін, мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу барысында ауыл жастарының спорт саласындағы жетістіктері де ерекше аталып өтті. Бостан ауылының жастары түрлі аудандық, облыстық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Алайда, олардың айтуынша, жүйелі түрде дайындалуға қажетті жағдайдың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Заманауи талаптарға сай спорт залының болмауы жас спортшылардың толыққанды жаттығу өткізуіне мүмкіндік бермейді. Тұрғындар бұл мәселені шешу арқылы ауыл жастарының әлеуетін арттырып, кәсіби спортқа жол ашуға болатынын жеткізді. Аудан әкімі бұл ұсыныстың орынды екенін, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – басты бағыттардың бірі екенін атап өтіп, тиісті жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бостан ауылындағы жиын билік пен халық арасындағы өзара сенім мен ашықтықтың маңызды тетігі екенін көрсетті. Тұрғындар өз мәселелерін тікелей жеткізуге мүмкіндік алса,аудан әкімі мен бөлім басшылары нақты проблемалардың мән-жайын көзбен көріп, тұрғындармен бетпе-бет пікір алмасуға жағдай жасады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі