
Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев жұмыс сапары барысында ауданға қарасты бірқатар ауылдарды аралап, жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Сапардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді зерделеу, шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік қолдау тетіктерінің орындалу барысымен танысу. Кездесу барысында шаруа қожалықтары мал шаруашылығының жай-күйі, жайылым мәселесі, су тапшылығы, субсидиялау және инфрақұрылымға қатысты бірқатар түйткілдерді көтерді.
Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл шаруашылығын дамыту Қарақия ауданы экономикасының негізгі әрі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы ретте салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау, жеңілдетілген несиелендіру, инфрақұрылымды дамыту және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарламалардың тиімділігіне ерекше тоқталды. Кездесу соңында Сымбат Төретаев тиісті бөлім басшыларына шаруалар көтерген мәселелерді бақылауға алып, нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырмалар берді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі