Үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілуде

Үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілуде

Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және оның аумақтық Департаменттерінің негізгі қызметтерінің бірі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалу жүйесін жетілдіру болып табылады. Осыған орай, Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтау бойынша жүзеге асырылған мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды.

 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңында және Еңбек кодексінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты мен еңбек қатынастары нақты регламенттелген. Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, үстеме жұмыс – бұл жұмыс берушінің бастамасымен қызметкердің жұмыс уақытының нормасынан тыс уақытта атқаратын жұмысы. Мұндай жұмысқа тарту тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 9,10-баптарында  мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Олардың қатарында демалысқа, бос уақытқа және еңбекақыға қатысты әділетті жағдайларға ие болу құқығы бар. Қызметкерді жүйелі түрде жұмыс уақытынан тыс тарту – олардың демалу құқығын бұзу болып саналады.

Үстеме жұмысқа тартудың, негізгі шарттары бойынша мемлекеттік қызметшіні үстеме жұмысқа тарту үшін келесі талаптар сақталуы тиіс: қызметкердің келісімі (жазбаша түрде), басшының бұйрығы мен жұмыстың нақты мерзімі мен сипаты, Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленуі немесе қосымша демалыс берілуі тиіс.

Сондай-ақ, үстеме жұмысқа тартудың  тыйым салынатын жағдайлары да бекітілген. Еңбек заңнамасы келесі жағдайларда үстеме жұмысқа тартуға тыйым салады: 18 жасқа толмаған тұлғалар, жүкті әйелдер, медицина қорытындысы бойынша денсаулығына байланысты шектеуі бар тұлғалар.

Кейбір ұйымдарда кадр тапшылығы, жүктеменің тең бөлінбеуі сияқты себептермен қызметкерлерді демалыс және жұмыс уақытынан тыс үстеме жұмыс жасауға тарту фактілері кездеседі. Мұндай жағдайда қызметкердің еркі мен құқықтары ескерілмесе, бұл құқық бұзушылық болып есептеледі және тиісті бақылаушы органдар арқылы шағым жасауға негіз болады. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті жүргізуге уәкілетті орган Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері болып табылады. 

Мониторинг жұмыстары мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу Қағидаларының талабына сәйкес, кіруді басқару және бақылау жүйесінің «Е-қызмет» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылуы бойынша қашықтықтан және бару арқылы жүзеге асырылады. 

Аумақтық департаментпен, жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару арқылы мониторинг жүргізудің 2025 жылға арналған жоспарда бекітілген 34 мемлекеттік органдарға бару арқылы мониторинг жүргізілді.  

2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша аталған бағытта аумақтық Департаментпен 69 мониторинг жұмыстары жүргізілген. Олардың арасында бару арқылы жүргізілген мониторингпен қамтылған 34 мемлекеттік орган болса, қашықтықтан жүргізілген мониторингпен қамтылған мемлекеттік органдардың саны – 35.

Ескертпелерге қарамастан, бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 18 құқықбұзушылық анықталса, қашықтықтан жүргізілген мониторингпен 287 құқықбұзушылық анықталды. 

Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде барлығы 305 құқықбұзушылық анықталып, 297 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Құқықтарын қалпына келтіру бағытында 297 мемлекеттік қызметшіге 1216 сағат тынығу сағаттары белгіленді.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағытында жүзеге асырылатын жоспарлы тексеру жұмыстары кезінде мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына қатысты 10 құқықбұзушылық анықталды. Бұл бойынша құқықтарын қалпына келтіру бағытында 10 мемлекеттік қызметшіге 27 сағат 15 минут тынығу сағаттары белгіленді.

2025 жылдың қорытындысымен ӘҚБтК-нің 89-бабында Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асыру бойынша 15 мемлекеттік органның басшыларына қатысты әкімшілік істер қозғалып, «ескерту» түріндегі әкімшілік хаттамалар жасақталды.  

Мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақыты мен демалыс құқығы – заңмен қорғалатын еңбек құқығының маңызды элементі. Сондықтан үстеме жұмысқа тарту – заңмен нақты реттелуі тиіс процесс. Жұмыс беруші де, қызметкер де өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі қажет. Құқықтық мәдениетті арттыру және заң талаптарын сақтау – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тиімділікті арттырудың маңызды кепілі болып табылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т.Жұмағұлов