
Кеше Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Шапағат Азирханов түнгі сағат он екі шамасында Бостан ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу ауыл тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта Бостан ауылында қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты электр энергиясының өшуі жиі қайталанған болатын. Аталған жағдай тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырған болатын.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары қалыптасқан жағдайды жеке бақылауына алғанын атап өтіп, қазіргі уақытта электрмен жабдықтау жүйесінің бірқалыпты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ жауапты қызметтермен бірлесіп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Бұдан бөлек, кездесу аясында ауылды абаттандыру мәселелері де көтерілді. Тұрғындар елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту, санитарлық тазалық пен көріктендіру жұмыстары жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Бұл ұсыныстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі