
Өнер – ұлттың рухани тірегі, ал сол рухты болашаққа жеткізетін ең сенімді көпір – жас ұрпақ. Осы қағидат бүгінде Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылындағы Мәдениет үйінің күнделікті жұмысынан айқын көрініс тауып отыр. Мұнда ұлттық өнердің сан қыры балалардың таза жүрегі мен ізденімпаз қолы арқылы жаңғырып, ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралына айналуда.
Мәдениет үйінде жұмыс істейтін үйірмелер – тек бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған орта ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды тәрбие мектебі. Әрбір үйірме баланың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, халқымыздың бай мәдени мұрасын терең танып-білуіне мүмкіндік береді.
Соның бірі – «Шебер қолдар» үйірмесі. Бұл үйірме шығармашылық пен қиялдың тоғысқан ортасына айналған. Мұнда қатысушылар түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, ұлттық ою-өрнектің мән-мағынасын терең меңгереді. Әрбір жасалған туынды – еңбек пен төзімнің, талғам мен талпыныстың нақты нәтижесі.
Ұлттық өнердің нәзік те әсем қыры «Айгөлек» кіші би тобының өнерінен айқын байқалады. Балғын бишілердің әр қимылынан қазақы иба, ұлттық болмыс пен эстетикалық талғам сезіледі. Би арқылы олар халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, қуанышы мен шаттығын көрерменге әсерлі түрде жеткізеді. Бұл – өнер арқылы тәрбие берудің жарқын әрі нәтижелі үлгісі.
Сонымен қатар қамшы өруден қолөнер үйірмесі де ұлттық мұраны жаңғырту бағытында маңызды рөл атқаруда. Бұл үйірме ата-бабадан қалған асыл өнерді жас ұрпаққа үйретіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгеруге жол ашады. Қамшы – қазақ халқы үшін тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ерлік пен мәрттіктің, дәстүр мен тәртіптің символы. Үйірме қатысушылары әрбір өрімге мағына беріп, сабыр мен шеберлікті қатар игеруде.
Өнер арқылы ұрпақ бойына рухани құндылықтарды сіңіре алсақ, елдің ертеңі де нық болмақ. Өнерге жақын өскен бала – тамырынан ажырамай, биіктен көрінуге ұмтылады.
Сондықтан ұлттық өнер – ұлықталса ғана мәңгі, ал талант – танылса ғана шыңдалады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі