Сайлау комиссиясы мүшелері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен ақпараттық дәрістер ұйымдастырылды

Сайлау комиссиясы мүшелері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен ақпараттық дәрістер ұйымдастырылды

         2026 жылғы 3 ақпан күні Қарақия ауданының аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Құрық ауылында маңызды іс-шара өтті. Атап айтқанда, № 147 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен сайлау процесіне мүгедектігі бар адамдардың тең және кедергісіз қатысуын қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-түсіндіру лекциялары ұйымдастырылды.

         Іс-шараның негізгі мақсаты – сайлау кезінде мүгедектігі бар  азаматтардың құқықтарын сақтау, олардың дауыс беру процесіне толыққанды қатысуына жағдай жасау, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің инклюзивті сайлау өткізу бойынша білімдері мен тәжірибесін арттыру болды.

         Лекция барысында Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасында көзделген мүгедектігі бар адамдардың құқықтары, сайлау учаскелерін бейімдеу талаптары, оның ішінде пандустардың, арнайы кабиналардың, ақпараттық материалдардың қолжетімділігі, сондай-ақ көмек көрсетудің этикалық нормалары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, көру, есту және қимыл-қозғалыс мүгедектігі бар сайлаушылармен жұмыс істеудің практикалық тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

         Қоғамдық бірлестіктер өкілдері өз тарапынан сайлау процесінде азаматтық қоғамның рөлі, мүгедектігі бар адамдардың сайлауға белсенді қатысуын арттыру жолдары жөнінде пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық пікір алмасу форматында өткен іс-шара қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

         Іс-шара соңында қатысушылар мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, алдағы сайлау науқандары кезінде инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.

         Қарақия ауданының аумақтық сайлау комиссиясы алдағы уақытта да сайлау процесінің ашықтығын, әділдігін және барлық азаматтар үшін тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.