
Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаевтың ауылдық елді мекендерге жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйі қаралған болатын. Солардың бірі-Сенек ауылында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан өрт сөндіру бекетіне арналған модульдік ғимараттың құрылысы.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 21 қазанда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, оның қорытындысымен «МайКЕНТ ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде анықталған болатын. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Алайда, аудан әкімінің жұмыс сапары аясында құрылыс барысында бекітілген сметалық есептемеге сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты мердігер ұйымға жұмысты сапалы әрі талапқа сай материалдармен қайта жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын.
Осы мәселеге байланысты Сенек ауылына арнайы барған Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Шапағат Әзірханов аталған нысанның қазіргі жағдайымен танысып, құрылыс жұмыстарының орындалу барысын бақылады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мердігер мекеме бекітілген жоспар мен қойылған талаптарға сәйкес жұмыс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында аудан әкімінің орынбасары 2026 жылға жоспарланған Сенек ауылындағы абаттандыру жұмыстары бойынша мәселелерді пысықтап, ауыл аумағын аралап шықты. Тиісті ұсыныстар мен ескертпелер беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспарлар нақтыланды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі