
Қарақия ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Аудан аумағында 20 табиғи көрікті орын мен 12 туристік маршрут бар. Өнере, Көкесем, Бозжыра және Жыланды мүйісіндегі теңіз аралына келетін туристер саны жыл сайын артуда. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев айтты.
Сондай-ақ, аудан әкімнің айтуынша Бозжыра шатқалы маңындағы «Жабайұшқан» қаумалы аумағынан қонақ үй кешендері мен визит орталығын салу үшін жер бөлінді. Ал, Бекет Ата жолы бойындағы аумақта «Визит Ақтау» серіктестігімен визит орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Бозжыра шатқалына барар 2 жолдың 35 шақырымды құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба туристер мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, аудан әкімі жерасты минералды суларды пайдалану арқылы шипажайларды дамыту мәселесіне тоқталды.
-Құрық ауылында 1970 жылдары қазылып, су қоры толық зерттелген әрі емдік қасиеті дәлелденген скважиналар бар. Қазіргі таңда бұл скважиналарды қайта іске қосу мақсатында өндірістік мекемелермен келіссөздер жүргізілуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Құрықта курорттық аймақ қалыптастыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкермен меморандум жасалып, қолданыстағы шипалы суды орталық саябаққа құбыр арқылы жеткізу және бювет орнату жұмыстары толығымен аяқталды. Енді ауыл тұрғындары емдік суды еркін пайдалана алады, - деді Сымбат Төретаев.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі