Маңғыстауда спорт саласының үздіктері мен ауыл мектептері олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда спорт саласының үздіктері мен ауыл мектептері олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен спорт саласында жоғары жетістікке жеткен спортшыларды және ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында спортты дамытуға, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өткенін жеткізді. Осы стратегиялық ұстанымға сәйкес, Маңғыстау облысында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мақсатында қосымша 10 мемлекеттік мекеме ашылып, 2025 жылдың өзінде 6 спорт нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледж бен спортты дамыту дирекциясының ашылуы өңір спортшыларының болашақта халықаралық ареналарда, оның ішінде Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғауына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Іс-шара барысында білім саласындағы жетістіктер де ерекше аталып өтті. Астана қаласында өткен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының оқушылары жаратылыстану-математикалық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен бас жүлдені, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен І орынды иеленген.

Өңір басшысы жеңімпаз оқушыларды, олардың ата-аналары мен жетекші ұстаздарын шын жүректен құттықтап, ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды қолдау алдағы уақытта да өңір үшін басым бағыт болып қала беретінін жеткізді.

– Бұл – жай ғана жүлде емес. Бұл - табандылықтың, үздіксіз еңбектің, білімге деген шынайы құштарлықтың нәтижесі. Ауыл мектебінде оқып жүріп, республикалық деңгейде өз білімдеріңізді дәлелдеу – үлкен жетістік, зор мақтаныш. Алда сіздерді үлкен жол күтіп тұр. Бүгінгі жеңіс – сол жолдағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі. Білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін, мақсаттарыңыз биік болсын! Еліміздің, туған өңіріміздің атын асқақтататын азамат болып өсулеріңізге тілектеспін! Маңғыстау облысында дарынды балаларды қолдау – басым бағыттардың бірі. Біз алдағы уақытта да ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға, талантты оқушыларды қолдауға, олардың республикалық және халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне барлық жағдайды жасай береміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара соңында спортшылар мен олимпиада жеңімпаздарына марапат пен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жеңімпаз оқушылардың ата-аналары мен жетекші ұстаздары марапатталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі