Қарақия ауданында балаларға арналған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» мерекелік шарасы өтті

Қарақия ауданында балаларға арналған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» мерекелік шарасы өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің балаларды қорғау және қолдау жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру аясында Қарақия ауданы әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізілді.

Мақсаты – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қуантуға бағытталған бұл шарада 200-ден астам бала қамтылды. Сондай-ақ оқуда, өнерде және спортта жетістікке жетіп жүрген үздік оқушылар да назардан тыс қалмады.

Мерекелік кеш барысында балалар ертегі әлеміне еніп, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен түрлі ойындар мен концерттік бағдарламаға қатысты. Шара аясында бүлдіршіндерге тәттілер мен сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл-күй мен шынайы қуаныш сыйланды.

Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев өз құттықтауында: 

«Балалар – еліміздің ертеңі, ұлт болашағы. Сондықтан олардың білімді, тәрбиелі, жан-жақты болып өсуі – баршамыздың ортақ міндетіміз»– деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Шара соңында балаларға арналған сый-сияпаттар табысталып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. 

Мерекелік кеш бүлдіршіндердің жүрегіне қуаныш сыйлап, Жаңа жылға деген үміт пен сенімді арттырды деген ойдамыз.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі