
Қарақия ауданында Аудандық ардагерлер Кеңесінің атқарған жұмыстары бойынша есеп беру жиналысы өтті. Жиынға арнайы Аудан әкімі Сымбат Төретаев, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңес төрағасы Серікбай Тулетов, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев және ауыл ардагерлері қатысты.
Жиналыс барысында ардагерлер ұйымының өткен кезеңде атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттері айқындалды.
Бүгінде Қарақия ауданы бойынша 3220 зейнеткер есепте тұр. Оның ішінде 316 ардагер Қарақия ауданына қарасты ауылдардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының құрамына енген. Қазіргі таңда аудан көлемінде 6 бастауыш ардагерлер ұйымы тіркеліп, олардың барлығында есеп беру-сайлау жиналыстары өткізілді. Аталған жиналыстардың қорытындысы бойынша бастауыш ұйымдардың төрағалары сайланып, ұйым жұмысы жүйелі түрде жолға қойылды.
Ақсақалдардың қоғам өміріне белсенді араласуына, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – ардагерлер ұйымының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта ауданда ардагерлерге арналған арнайы үйлер тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, Құрық, Жетібай, Құланды және Бостан ауылдарында ардагерлер үйлері ашылып, қариялардың бас қосып, рухани-мәдени шараларға қатысуына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, Сенек ауылында ардагерлерге арналған үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл ғимаратты қажетті жиһаздармен және көрнекілік құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада ардагерлер үйінің ресми ашылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Ауданға қарасты елді мекендердегі ардагерлер үйлерінің басым бөлігі ауыл әкімдіктерінің балансында. Бұл өз кезегінде олардың тұрақты жұмыс істеуіне, материалдық-техникалық базасының нығаюына оң ықпалын тигізуде.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі