Жетібай ауылының жаңа спорт залына спорттық жабдықтар табысталды

Жетібай ауылының жаңа спорт залына спорттық жабдықтар табысталды

Бүгін, 18 желтоқсан күні «Батыр боламын!» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бас демеушілігімен ауылдық жерлердегі спорттық базаны нығайту мақсатында маңызды іс-шара өтті. Атап айтқанда, Жетібай ауылында жаңадан ашылған ангар типті спорт залына заманауи спорттық жабдықтар табыс етілді.

Аталған жоба шалғай және ауылдық елді мекендерде спорттық мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін спортқа қолжетімділікті арттыруды көздейді. Жобаның басты мақсаты-ауыл балаларының жүйелі түрде спортпен айналысуына жағдай жасап, олардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету, сондай-ақ болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз қалау.

Спорттық жабдықтарды табыстау салтанатты рәсіміне аудан әкімі С.Төретаев, Маңғыстау облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы М.Мұқаш, «Батыр боламын!» қайырымдылық қорының өкілдері, қоғам белсендісі Н.Бектұрғанов, сондай-ақ жас спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында ауыл тұрғындары ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бастаманың өңірдегі спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Батыр боламын!» жобасы аясында жүзеге асқан бұл бастама ауылдық жерлердегі балалар спортының дамуына үлкен үлес қосып отыр. Жетібай ауылында ашылған жаңа спорт залына табысталған спорттық жабдықтар жас спортшылардың әлеуетін арттырып, олардың болашақта жоғары спорттық жетістіктерге жетуіне жол ашады. Мұндай әлеуметтік маңызы зор жобалар өңірлерде спортты дамытуға серпін беріп, ауыл жастарының жарқын болашағын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі