
13 қараша күні Құрық ауылында өткен жәрмеңкеде сауда бағалары мен тауар сапасына қатысты тұрғындардан түскен шағымдарға байланысты тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Азаматтардың шағымдары бойынша жәрмеңкеде сатылып жатқан кейбір тауарлардың бағасы жергілікті дүкендермен салыстырғанда қымбат екендігі және сапасыз, бұзылған өнімдердің сатылатыны туралы ақпарат түскен болатын.
Осыған орай жәрмеңке барысын тексеруге Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Берекетұлы, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Шапағат Басшыұлы, Қарақия аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нағима Қабибуллақызы, Құрық ауылы бойынша қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Өмірбайқызы, Құрық ауылы әкімінің орынбасары Қоныс Есбосынұлы, Аудандық мәслихат депутаты Сәлімжан Бекжанов қатысты.
Тексеру барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, саудагерлерге баға тұрақтылығын сақтау, өнім сапасын бақылау және санитарлық талаптарды қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірқатар кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктер бойынша ескерту беріліп, жәрмеңке өткізу тәртібі мен талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.
Алдағы уақытта қойылған талаптар орындалмаған жағдайда, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі