
Қарақия ауданының әкімі Сымбат Қуанышұлы Төретаев жұмыс сапарымен ауданға қарасты бірқатар елді мекендерді аралап, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Жетібай ауылында аудан әкімі «Ынтымақ» алаңын абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аясында демалыс аймағы заманауи талаптарға сай жаңартылу үстінде. Әкім абаттандыру жұмыстарының сапасына баса назар аударып, мердігер мекемеге жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Келесі нысан ретінде Бостан ауылында аудан басшысы төмен қысымды газ құбырын қайта құрылымдау жұмыстарының барысын қарады. Бұл жоба ауыл тұрғындарын үздіксіз әрі тұрақты газбен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ, әкім Бостан ауылында жаңадан салынып жатқан автомобиль жолдарының құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын тексеріп, жол құрылысының талапқа сай орындалуын және тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс сапары Сенек ауылында жалғасты. Мұнда Сымбат Төретаев жаңадан салынып жатқан саябақтың құрылыс барысымен танысты. Саябақ жобасы ауыл тұрғындарының демалысын тиімді өткізуіне және ауылдың көркін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, әкім Сенек–Аққұдық бағытындағы қатқыл табанды жолдың жай-күйін қарап, жолдың сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігіне назар аударды.
Сапар соңында аудан әкімі Түйесу ауылына жаңадан салынатын автомобиль жолының жобалық шешімдерін пысықтап, құрылыс жұмыстарының басталуына дейінгі дайындық шараларын талқылады.
Бүгінгі қаралған әрбір нысан-Қарақия ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстары аяқталған соң, ауылдар заманауи кейіпке еніп, халық үшін қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасатыны сөзсіз.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі