Ұрпақ тәрбиесіне арналған өмір

Ұрпақ тәрбиесіне арналған өмір

Қоғамға сіңірген ерен еңбегімен, сан салада белсенділік танытып жүрген ардақты жан – бүгінгі «Еңбек адамы» айдарының кейіпкері.

Бақытжан Өмірбайқызының педагогикалық жолы – сабыр мен табандылықтың, білім мен біліктің үлгісі. Ұстаздық қызметінде ол әрдайым оқушының жан-дүниесін түсініп, жеке қабілетіне қарай бағыт-бағдар беруге ұмтылып келеді. Сондықтан болар, оның тәлімінен өткен талай шәкірт түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр.

1986 жылы ұстаздық жолын №12 мектептен бастаған ол, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бар күш-жігерін арнады. Ал 1998 жылы мәдени-әлеуметтік бағытта да белсенділік танытып, мектепте мәдени және әлеуметтік істер жөніндегі орынбасар қызметін жалғастырды.

Уақыт өте келе, 2004 жылы кәсіпкерлік саласына бет бұрып, өз ісін дөңгелеткен іскер азаматша ретінде танылды. Алайда жүрегінің төріндегі ұстаздық жолға деген адалдық оны қайта білім беру саласына алып келді. 2014 жылдан бері Қарақия кәсіптік колледжінде ағылшын тілі пәнінен дәріс беріп, талай шәкірттің жолын ашты.

Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Қарақия ауданы Аналар кеңесінің төрағасы ретінде де ел мен ана арасында алтын көпір бола білді. Ана құқығын қорғау, тәрбиелік жұмыстар жүргізу, ұрпақ тәрбиесіне атсалысу жолында белсенді еңбек етуде.

Бүгінде ұстаздың есімі – елге үлгі, еңбегі – кейінгі ұрпаққа аманат. Оқушылар мен студенттердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Бақытжан Өмірбайқызына әріптестері мен шәкірттерінің алғысы шексіз.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі