Қазіргі қоғамда діни сауаттылық мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Әсіресе жастардың теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуінің басты себептерінің бірі – дұрыс бағытта діни сауатының болмауы. Діни сауат – адамның тек діни ритуалдарды білуі ғана емес, ең алдымен, дінді ғылыми, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан түсіне алуы тиіс. Бұл мақалада дұрыс діни сауат ашудың негізгі алғышарттары мен оларды жүзеге асыру жолдары қарастырылады.
Дәстүрлі діни көзқарасты түсіну – негізгі шарт. Діни сауат ашуда ең алдымен Қазақстан Республикасында танылған, кең тараған дәстүрлі діни бағытты дұрыс ұғыну қажет. Діни сауат ашуға кіріскен әрбір азамат ең алдымен осы дін мен дәстүрдің негіздерін, ерекшеліктерін, қалыптасу тарихын, ілімінің мазмұнын зерттеуге көңіл бөлуі тиіс.
Алайда соңғы жылдары интернеттегі деструктивті уағызшылар мен бейресми топтардың ықпалымен кейбір азаматтар өзге діни ағымдарға еріп кетіп жатқанын байқап отырмыз. Бұл көбіне өз бетінше, бақылаусыз «сауат ашудың» нәтижесі. Сондықтан діни білімді тек рұқсат етілген оқу орындары мен білікті мамандар арқылы алу діни тұрақтылықтың басты кепілі.
Бұл тұрғыда теологтар мен дінтанушылардың рөлін күшейту де маңызды болмақ. Діни сауат ашуда кәсіби мамандардың көмегі айрықша маңызды. Теологтар, дінтанушылар, дін қызметкерлері және психологтар жастарға дінді тек сенім тұрғысынан ғана емес, рухани, әлеуметтік және заңдық аспектіде де түсіндіре алуы қажет. Көп жағдайда азаматтар «дін – тек намаз оқу мен ораза ұстау» деп қабылдайды. Бірақ дін – адамның отбасындағы, қоғамдағы, мемлекеттегі қатынасын реттейтін кең ауқымды жүйе. Осы тұста кәсіби мамандар діннің кең тынысын түсіндіріп, қоғамда орын алған ерекше діни сауалдарға жауап бере отыра, адасушылықтың алдын алуы маңызды саналады.
Интернет кеңістігіндегі діни ақпараттарды сүзгіден өткізу де маңызды. Көптеген азаматтар діни білімді интернет арқылы алып жүргені жасырын емес. Алайда ғаламтор – ашық орта. Онда кімнің не айтып жатқанын ешкім толық қадағалай алмайды. Осы себептен діни сауаты төмен жастар радикалды және деструктивті идеологияны насихаттайтын топтарға тап болып жатады.
Интернеттегі Youtube, Telegram, Instagram, TikTok секілді платформаларда кез келген адам «уағызшы» бола алады. Сондықтан діни мазмұндағы видеолар мен жазбаларды тыңдамас бұрын, оның авторының біліктілігін, шынайы дінмен байланысын, мазмұнының сәйкестігін тексеру қажет. Бұл рухани қауіпсіздіктің алғашқы қадамы.
Діни сауаттылықты арттыруда діни білім мен зайырлы білімнің үндестігі туралы да сөз қозғалады. Діни сауаттылық – тек Құран аяттарын жаттау немесе хадис білу емес. Ол – дін мен мемлекеттің арақатынасын түсіну, заң мен сенімнің шекарасын ажырата білу. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мұнда әр азаматтың діни сенім бостандығы Конституциямен кепілденген, бірақ ешбір дін – заңнан жоғары қойылмайды.
Азаматтардың кейбірі діни сенімді жеке тәжірибеге айналдыру мен оны заң аясында ұстану мәселесінде қателік жібереді. Мысалы, заңдық нормаларды білмеу салдарынан кейбір азаматтар діни себеппен білім алудан немесе жұмыс істеуден бас тартып, қоғамнан оқшауланып жатады. Бұл – діни сауатсыздықтың салдары, дұрыс таңдау емес. Сондықтан дұрыс діни сауат тек қана шариғи емес, құқықтық және әлеуметтік сауаттылықпен қатар жүруі тиіс.
Отбасындағы тәрбие – діни иммунитеттің бастауы. Дұрыс діни түсінік отбасыдан басталады. Балаға алғашқы рухани бағытты көбінесе ата-ана береді. Сондықтан ата-аналар діни мәселеде сауатты болуы, өз баласына дұрыс үлгі көрсетіп, қажет болса, білікті мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Көп жағдайда ата-аналар өз баласының интернеттен қандай діни контент көріп жүргенінен бейхабар. Баланың тұйықталып, сыртқы ортамен байланысынан ажырап, өзін «таңдаулылардың» қатарында көруі – деструктивті ағымдардың белгілері болуы мүмкін. Мұндайда ата-ана дереу әрекетке көшіп, баласының сенімдік бағытын тексеруі қажет.
Қорытындылай келе, дұрыс діни сауат ашу – бұл рухани қауіпсіздіктің негізі. Қазіргі заманда дінді түсіну мен ұстану тек сенім мәселесі емес, бұл азаматтың қоғаммен, мемлекетпен, отбасымен дұрыс қатынаста болуына да әсер етеді. Сондықтан діни білімді дәлелді, ресми, дәстүрлі бағытта алу әрбір дін ізденушінің жеке жауапкершілігіне жатады. Жастардың теріс ағымдарға түсіп кетуінің алдын алудың бірден-бір жолы – оларды уақытылы, дұрыс бағытта ақпараттандыру, кәсіби мамандармен жұмыс жүргізу және зайырлы қоғамда өмір сүру мәдениетін қалыптастыру.
Діни сауатты болу тек ақыреттік емес, осы өмірдегі де тыныштық пен тепе-теңдіктің кепілі.