Аудан әкімі бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетовті қабылдады

Аудан әкімі  бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетовті қабылдады

Кездесу барысында алдағы өтетін додалары, жеңіс жолы сынды әңгіме өрбітіп, пікір алмасты.

- Бүгін ауданымызға Сіздің келуіңіз – біз үшін үлкен мәртебе. Ел намысын абыроймен қорғап, спорт әлемінде биік белестерді бағындырып жүрген Сіздің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа өнеге, баршамызға қуаныш.

Сіз тек өз атыңызды ғана емес, туған өлкеңіздің де атын әлемге таныттыңыз. Бұл – қажырлы еңбектің, төзімділіктің, ұлтжандылықтың жемісі.

Аудан халқы Сізді мақтан тұтады. Сіздің жетістіктеріңіз спортпен айналысқысы келетін жастарға шабыт беріп, оларды жеңіске жетелейтіні сөзсіз, деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.

Аудан басшысы, спортшыға құрмет көрсетіп Қарақия ауданының «Құрмет грамотасымен» және  қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жауып, аудан аумағында орналасқан ғасырлар қойнауынан сыр шерткен «Бозжыра» шатқалы бейнеленген картинаны  сыйға тартты.

Айта кетейік, Бекзад Нұрдаулетов - бокстан әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Спортшы 2019 жылдың қыркүйек айында Екатеринбургте өткен чемпионатта әлем чемпионы атанды. 2021 жылы «Санкт-Петербург губернаторының Кубогы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. 2021 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарының қатысушысы болды. 2024 жылы Азия чемпионатының, 2025 жылы Астана–2025 Әлем кубогының жеңімпазы болды.

Сондай-ақ, Маңғыстау мақтанышы, былғары қолғап шебері Бекзад Нұрдаулетов 2019 жылы ел Президентінің қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды.

Шара соңында аудан ардагері алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Қарақия ауданының баспасөз қызметі.