⚜️Аудан әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы жұмыс сапарымен Мұнайшы және Жетібай ауылдарына барды. Сапардың басты мақсаты – елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылау, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында қолға алынған жобалардың орындалуын қадағалау.
⚜️Іс-сапар ең алдымен Мұнайшы ауылынан басталды. Аудан басшылығы ауыл орталығында салынып жатқан арбат құрылысының жұмыс барысымен танысты. Жергілікті халық үшін демалыс пен мәдени шараларды өткізуге қолайлы орта қалыптастыратын бұл нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы – басты назарда. Осы орайда мердігер мекемеге белгіленген мерзімге дейін барлық жұмысты аяқтау, абаттандыру жұмыстарын заманауи талаптарға сай жүргізу тапсырылды.
⚜️Жүрмелі кеңес құрамы ауыл кіреберісіндегі жаңадан орнатылған стелла нысанына аялдап, оның көрнекілік пен мазмұндық сапасына мән берді. Тиісті сала басшыларына жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстарының жетіспейтін тұстарын толықтыру туралы тапсырмалар берілді.
⚜️Сапар барысында «Еділ суын тұщыту зауытының» жұмысымен де танысу жүзеге асты. Жетібай және Мұнайшы халқын сапалы ауыз сумен қамтитын маңызды стратегиялық нысанның техникалық әлеуеті мен қазіргі жағдайы талқыланды.
⚜️Іс-сапар одан әрі Жетібай ауылында жалғасын тапты. Мұнда да арбат құрылысы қаралып, көгалдандыру, жарықтандыру, орындықтар орнату, бейнебақылау жүйелерін қосу секілді жұмыстардың сапасы бағаланды. Мердігерге қалған жұмыстарды тез арада аяқтап, тұрғындар демалуына ыңғайлы орта қалыптастыру туралы нақты тапсырма берілді.
⚜️Кейін, аудан басшылығы ауылдың орталық алаңы — Ынтымақ алаңына барды. Бұл аумақ – ауыл тұрғындарының бас қосатын, түрлі қоғамдық және мәдени іс-шаралар өтетін басты орын. Алаңды жаңарту, қосымша абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылып, тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар берілді.
⚜️Сапар соңында Жетібай ауылындағы ауылішілік жол құрылысының қарқыны мен сапасы тексерілді. Аудан басшылығы жол құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес асфальт төсеу, жол жиегін нығайту, су бұру жүйесін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі