Ардагерлер кеңесінің 2025 жылдың І жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды

Ардагерлер кеңесінің 2025 жылдың І жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды

⚜️Бүгін, Бостан ауылдық округінде Қарақия аудандық ардагерлер кеңесінің есептік жиыны өтті. Жиынға ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, аудан басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл әкімдері мен ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.

⚜️Қарақия ауданында бүгінде 3032 зейнеткер бар, оның ішінде 315 ардагер ардагерлер ұйымының мүшесі. Аудан бойынша ардагерлер кеңесі 6 бастауыш ұйымнан тұрады. Жыл басында барлық ауылдық ұйымдарда есептік-сайлау жиналыстары өткізілді.

⚜️Ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Құрық, Жетібай, Құланды және Бостан ауылдарында ардагерлер үйлері жұмыс істейді. Сенек және Мұнайшы ауылдарында да ардагерлерге арналған бөлме ашу жоспарлануда.

⚜️Қаңтар-маусым айлары аралығында аудан көлемінде түрлі әлеуметтік, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жалғызілікті қарияларға құттықтау мен сый-сияпаттар табысталды. Алғыс айту, Амал, Наурыз мерекелеріне ардагерлер белсене қатысып, көктемгі абаттандыру айлығына атсалысты.

⚜️Мамыр айында Жеңістің 80 жылдығына орай спорттық жарыстар, мәдени шаралар, мемориалдық тақталар орнату сынды бірқатар бастамалар іске асты. 26 тыл ардагеріне арнайы мерекелік медальдар табысталды. Құрық ауылында соғыс және еңбек ардагері Айдарбек Матаевтың есімі жаңғыртылып, ардагерлер үйіне мемориалдық тақта ілінді. Сонымен қатар, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні мен 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай да тағылымды шаралар өтті.

⚜️Маусым айында Қарақия аудандық қоғамдық-саяси басылымы – «Қарақия» газетінің 40 жылдық мерейтойы атап өтіліп, белгілі журналист Ізтұрған Ахметовтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

⚜️Жиын барысында баяндаманы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Бегниязов жасады. Қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, олар хаттамаға енгізілді. Барлық ұсыныстар алдағы уақытта кеңестің жұмысында ескерілетін болады.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі