Қарақияда жаңа санитарлық автокөліктер табысталды

Қарақияда жаңа санитарлық автокөліктер табысталды

⚜️Медицина қызметкерлері күніне орай Қарақия орталық аудандық ауруханасына «HAVAL M6» маркалы екі жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Бір көліктің құны 17 миллион теңгені құрайды.

⚜️Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Манар Төлегенов пен аудандық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Қыйлымғали Көшенов қатысып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

- Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздердің күнделікті атқарып отырған еңбектеріңіз – адам өмірі мен денсаулығы үшін жасалатын үлкен жанкештілік пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бүгін табысталып отырған жаңа санитарлық көліктер сіздердің қызметтеріңізді жеңілдетіп, халыққа шұғыл және сапалы медициналық көмек көрсетуге үлкен септігін тигізеді. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары Манар Төлегенов.

⚜️Табыс етілген «HAVAL M6» санитарлық автокөліктері заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл көліктер шұғыл шақыртуларға жедел жетуге, жол үстінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге және науқастарды қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тасымалдауға арналған. Олар шалғай елді мекендердегі тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етіп, ауданның денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырады.

⚜️Аталған бастама – аудандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұл ретте жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы ерекше рөл атқарады.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі