Нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған аудандық марафон ұйымдастырылды

Нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған аудандық марафон ұйымдастырылды

⚜️26 маусым күні Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, аудандық прокуратураның бастамасымен, аудан әкімдігі және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кең ауқымды марафон ұйымдастырылды.

⚜️Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшелері, аудандық спорт мектебінің оқушылары мен белсенді тұрғындар қатысты. Жалпы марафонға 80-нен аса азамат қатысып, 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Жүгіру бағыты ауылдың кіреберісінен басталып, аудан әкімдігі ғимаратына дейін жалғасты.

    - Нашақорлық — тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дерті. Бүгінгі шара арқылы біз салауатты өмір салтын ұстану арқылы осындай теріс әдеттерден аулақ болуға шақырамыз. Жастарымыздың жарқын болашағы — олардың денсаулығы мен таңдайтын өмірлік жолына тікелей байланысты. Бүгінгі марафон — осының айқын дәлелі”, — деді аудан прокуроры өз сөзінде.

⚜️Мәреге бірінші жеткен қатысушыларға аудандық прокуратура мен әкімдік тарапынан алғыс хаттар мен медальдар табысталды.

⚜️Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен тұрғындар тарапынан үлкен қолдау тапты. Марафон — аудан жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың және нашақорлықтың алдын алудың маңызды құралы ретінде бағаланды.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі