⚜️25 маусым күні Қарақия ауданында аудандық қоғамдық-саяси «Қарақия» газетінің 40 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шара ауданның ақпарат кеңістігіндегі даму жолын насихаттап, төл басылымның жарты ғасырлыққа таяу тарихына тағзым етуге арналды.
⚜️Салтанатты жиынның алғашқы бөлігі Қарақия аудандық өлкетану мұражайында өтті. Мұнда қонақтар мен ардагерлерге арналған «Қарақия» газетінің тарихына арналған арнайы көрме ұсынылып, басылымның әр жылдардағы мұрағат нөмірлері, фотосуреттер, журналистердің қолжазбалары мен естеліктері қойылды. Қонақтарға тәтті бауырсақ пен шұбат ұсынылып, жылы лебіздер мен құттықтау тілектер айтылды. Редакция ұжымына сый-сияпаттар көрсетіліп, келген қонақтар аудан тарихына шолу жасап, мұражай жәдігерлерімен танысты.
⚜️Мұражайдағы ресми бөлімнен соң салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеш шымылдығы ретінде «Қарақия» газетінің 40 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, одан кейін «Айгөлек» би ансамблі ұлттық нақыштағы «Қазақ биін» орындап, кешке рухани сән берді.
⚜️Шараға қатысушыларды арнайы құттықтау үшін сахна төріне Қарақия ауданының әкімі Төретаев Сымбат көтеріліп, аудандық басылым ұжымына және жалпы журналистика саласының ардагерлеріне жылы лебізін білдірді. Олар ақпарат саласындағы сүбелі еңбектері үшін облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
⚜️Марапаттау рәсімінде газет редакциясының әр жылдарда қызмет атқарған тілшілері, дизайнерлер, техникалық қызметкерлер мен ардагер журналисттер лайықты марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Әбишева Гүлмира және Қазақстан журналистер одағы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Рзахметов Сағындық құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар журналистерге алғыс хаттарын табыстады.
⚜️Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Үздік мақала» байқауы да қорытындыланып, үздік авторлар — Бисенгалиев Бисембай, Жәния Бесімбаева, Балғаным Зәкерияқызы, сондай-ақ газеттің жаңа логотипін әзірлеген суретші Шәтенов Оразбай арнайы марапатталды.
⚜️Сондай-ақ, оқырмандар арасында өткізілген «Қарақия – қазыналы мекенім» атты жыр-мүшәйраның жеңімпаздары анықталып, марапатқа ие болды. Бас жүлдені Тұрабаева Сара Нәрешбекқызы (Жетібай ауылы) иеленді. Жеңімпаздарды Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Мейрамбай Қибасов, Ыбырай Алтынсарин орденінің иегері, ақын-ұстаз Роза Атақаева және «Қарақия» газетінің бас редакторы Шынар Кендінқызы марапаттады.
⚜️Салтанатты кеш барысында көрермендерге әншілер рухты әндер орындап, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Әндер қатарында Светқали Нұржанның сөзіне жазылған «Сәйгүлік», Нұртай Қонайұлының сөзіне жазылған «Қарақия» әндері орындалды.
⚜️Мерекелік жиын соңында марапат иелері мен кешке қатысушылар естелік суретке түсіп кешті аяқтады.
⚜️«Қарақия» газеті – бұл тек аудандық басылым емес, ол – Қарақия жұртшылығының шежіресі, рухани айнасы және адал еңбектің айғағы. 40 жыл бойы өңірдің тыныс-тіршілігін таратып, ақпарат кеңістігін байытып келе жатқан редакция ұжымына шығармашылық табыс пен мерейлі белестер тілейміз.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі