Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті

Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ақтаудағы мемлекеттік ресми рәсімдер алаңында Мемлекеттік Ту тұғырына көтерілді.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және әскери органдардың өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Ұлттық мерекеге жиналған жұртшылық еліміздің әнұранын бірге шырқады.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде рәміздердің елдің басты құндылығы екенін атап өтті.

- Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың біртұтастығы мен егемендігінің белгісі. Әлемде жері де, рәміздері де жоқ қаншама ел бар. Біз – азаттығымызды ардақтаған, көк Туымызды биік ұстаған бақытты халықпыз. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясатының жемісі. Еліміздің Тәуелсіздігі баянды, тұғыры берік болсын! – деді өңір басшысы.

Мерекелік іс-шара аясында мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас мамандар салтанатты түрде ант берді.

Рәсім соңы Есір Айшуақов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің арнайы концерттік бағдарламасына ұласты.

Сондай-ақ, рәміздер күніне орай Ақтау қаласында 100 ерікті жастың және әскери оркестрдің қатысуымен патриоттық флешмоб ұйымдастырылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі