27 мамыр күні аудан әкімі Сымбат Төретаев Құрық ауылында тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, ауыл әкімі Сыдиық Есенкелдіұлы қолға алынған және жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндады. 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында және оған қарасты елді мекендерде ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, ауыл аумағында қордаланған тарихи қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 14 балалар ойын алаңын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Жұмыстарға алаңдардың негізін құю, газон төсеу, жаңа ойын құрылғыларын орнату, жарықтандыру сынды қызметтер кіреді.
Ауыл тазалығын арттыру мақсатында 12 дана қоқыс жәшігінің қоршауын сапалы темір лист материалдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Құрық ауылында 2000 кубтық 2 резервуардың құрылысы жүргізілуде. Бұған қосымша, кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен су тұщыту зауытының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс нысанының ғимараты бой көтеріп, 48 құдық қазылды.
Жолдарды сыпыру, жол белгілерін ауыстыру, жаяу жүргіншілер жолын бояу, бордюрлерді әктеу және тазалау сияқты жұмыстар атқарылуда. «Қарақия станциясы» елді мекеніндегі медициналық пункт ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жұмыстар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ ауылдың көркі мен тазалығын жақсарту бағытында маңызды қадам болып табылады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан 20-ға жуық сұрақ қойылып, аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу соңында аудан әкімі мен ауыл әкіміне алғыс білдіріліп, жергілікті халық атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі