«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарақия ауданына келіп жетті

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарақия ауданына келіп жетті

⚜️Бүгін, Қарақия ауданына қарасты Станция Ералы елді мекенінде қуанышты жаңалық – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тоқтап, жергілікті халыққа тегін медициналық қызмет көрсете бастады.

⚜️Аталған пойыз кеше ғана шалғайдағы Болашақ ауылына барып, тұрғындарды қабылдап, кәсіби көмек көрсеткен болатын. Енді бұл бастама Ералы станциясында жалғасын табуда.

⚜️Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» пойызының маршруты Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылынан бастау алып отыр. Алты айдың ішінде медициналық пойыз еліміздің 123 ауылына аялдап, 90 мыңнан астам қазақстандыққа қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.

⚜️Станция Ералы елді мекеніне келген медициналық пойыз құрамында 8 вагон бар. Оның ішінде 4 вагонда тұрғындарды қабылдау жүргізілуде. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін пойыз құрамында 27 қызметкер, соның ішінде 16 білікті дәрігер жұмыс істеуде.

⚜️Тұрғындар тек медициналық көмекпен ғана шектелмей, заңгерлер мен медиатор мамандардан да кеңес ала алады. Әрбір елді мекенде пойыз 1-2 күн аялдап, көрші ауыл тұрғындарын да қабылдайды.

⚜️Медициналық қызметті 30-дан астам түрлі саладағы мамандар көрсетеді. Олардың қатарында терапевт, кардиолог, хирург-травматолог, акушер-гинеколог, невропатолог, офтальмолог, стоматолог, УДЗ дәрігері, рентгенолог, психолог және тағы басқа дәрігерлер бар.

⚜️Заманауи жабдықталған вагондарда қан талдаулары, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу, гастроэнтероскопия, ЭКГ және басқа да диагностикалық қызмет түрлері қолжетімді. Қажет болған жағдайда жеңіл операциялар да жасалады.

⚜️Ең маңыздысы – медициналық қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру талабынсыз, барлық азаматтарға тегін көрсетіледі.

⚜️Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» пойызы алғаш рет 2010 жылы жолға шыққан. Содан бері 800 мыңнан астам азамат медициналық көмек алса, 37 мыңнан аса операция жасалды. Ал әр бесінші ем алған пациент – бала.

⚜️Құрық ауылына қарасты Станция Ералы тұрғындары мен жақын маңдағы ауыл тұрғындарын тегін әрі сапалы медициналық және құқықтық көмек алуға шақырамыз! Дәрігерлер мен мамандарымызға сәттілік тілейміз!

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі