⚜️Бүгін, 21 мамыр Қазақстан Республикасындағы Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қарақия ауданында «Өнер құдіреті – мәңгілік!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
⚜️Мерекелік кеш қазақ халқының бай салт-дәстүрін ұлықтаған «Тұсау кесу» рәсімімен ашылып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Бұл көрініс ұлттық тәрбиенің терең мағынасын паш етіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
⚜️Шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Сымбат Төретаев барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел руханиятын дамыту жолындағы сіңірген еңбектеріне алғысын білдірді:
- Қадірлі мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздер – халқымыздың рухани байлығының ұйытқысы, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы бірегей тұлғаларсыз. Қоғамдағы тәрбиелік, эстетикалық және мәдени мұраларды сақтау мен дамытудағы еңбектеріңіз өлшеусіз. Осы кәсіби мереке күні Сіздерге шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, зор денсаулық, отбасы амандығы мен жаңа белестер тілеймін. Мәдениетіміз мәңгі жасай берсін!,– деді аудан басшысы Сымбат Төретаев.
⚜️Шара барысында мәдениет пен өнер саласына сүбелі үлес қосқан қызметкерлер мен шығармашылық ұжымдарға түрлі деңгейдегі алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» халықаралық мәдени шарасына үлес қосқан бірқатар азаматтар Түрксой ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Райевтің, Маңғыстау облысы әкімінің және облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішовтің алғыс хаттарымен марапатталды.
⚜️Сондай-ақ, Қарақия ауданында мәдениет пен өнер саласына ерекше еңбек сіңірген бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің атынан арнайы марапаттар табысталды.
⚜️Салтанатты кештің аясында аудан өнерпаздарының қатысуымен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
- Құрметті әріптестер, мәдениет пен өнер – ұлттың рухани өзегі. Сіздер елдігіміздің айнасы, руханиятымыздың жаршысы болып келесіздер. Еткен еңбектеріңіз елеусіз қалмай, ел алғысына
бөленіп жатқандарыңыз – зор құрмет. Мерекелеріңіз құтты болсын! Шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін!,- деді Нұрлыбек Жұмағалиев.
⚜️Кеш «Мәдениетіміз мәңгі жасасын!» деген ізгі тілекпен қорытындыланып, қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі