Экологиялық Қарағанды
Бүгін Қарағанды қаласында қаланың Бас жоспарының экологиялық бөлігін талқылауға арналған ашық қоғамдық тыңдаулар өтті. Іс-шараға қала тұрғындары, экобелсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бас жоспардың негізгі мақсаты— қаланың өсу моделін өзгертіп, игерілген аумақтарды дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау.
Басым бағыт— Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы экологиялық таза аймақтарды дамыту. Бұл тұрғын аудандардың байланысын қамтамасыз етіп, көлік жүктемесін азайтады.
Бас жоспарға сәйкес, тұрғын үй құрылысы әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылыммен қатар жүргізіледі. Атап айтқанда, Майқұдықтың оңтүстік бөлігінде қоғамдық орталығы бар жаяу жүргіншілер бульвары және Бұқар жырау даңғылы бойындағы өзен жағалауы саябағын қайта жаңарту жоспарланған.
Тұрақты көлік жобалары: велосипед жолдарын дамыту, мультимодальділік жүйесін енгізу және транзиттік жүк көліктерін қаладан тысқары шығару көзделген. Бұл атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтып, көлік қолжетімділігін арттырады.”Жасыл қаңқа" тұжырымдамасы: үш жыл ішінде Қарағандыда кемінде 12 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Жаңа өтемақы формуласы енгізілді — кесілген әрбір ағаштың орнына бес жаңа ағаш отырғызылады. Барлық жұмыстар интерактивті картада көрсетіледі, ал ағаш кесу фитопатологиялық қорытындымен және тұрғындарды алдын ала хабардар етумен жүргізіледі. Бұл шаралар жасыл аймақты 35%-ға дейін ұлғайтып, 7,2 мың гектарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Инженерлік инфрақұрылым: ТЭЦ-1 жаңғырту, ТЭЦ-3-те жаңа қазандық салу, қаланы толық газдандыру, су бұру және тазартылған ағын суларды қайта пайдалану жүйелерін салу жоспарланған. Сонымен қатар, заманауи қоқыс сұрыптау және жағу кәсіпорындары салынбақ.
Қоғамдық тыңдаулар барысында қала әкімдігі мен тұрғындар арасында мазмұнды пікірталас өтті. Барлық ескертулер мен ұсыныстар Бас жоспарға енгізілетін болады.